– Сіздің алғашқы қазақстандықтардың бірі болып опера отаны Италияда оқып, тәжірибе жинақтап қайтқаныңыз Абай атындағы Опера және балет театры үшін үлкен олжа саналады. Академиялық театрға дейінгі жол ұзақ болды ма?
– Әрине, Абай атындағы Опера және балет театрына төбеден келіп топ ете түстім деп айта алмаймын. Бір әртіс артқа тастауға тиіс жолды жаяу басып жүріп келдім. Ұзақ жолдың ең алғашқы қадамдары менің балалық шағым өткен Теміртау қаласындағы музыка мектебінде сайрап жатыр. Фортепьяно және жеке дауыста ән айту сыныбына қабылданғанда әлі бастауышта оқитынмын. Бұдан кейінгі жол Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының дайындық курсында жалғасқанымен, жалғыз өзімді алысқа жібергісі келмеген әкем Теміртауға қайта шақырып алып, осындағы екі жылдық музыка училищесінде оқуға тура келді. Бірақ бітірген соң бәрібір консерваторияға қайта оралдым. Жоғары курста оқитын санаулы студенттердің қатарында үкіметтік концерттердің біріне қатысып, алғаш рет үлкен сахнада ән айтқан кезімде Елбасы байқап: «Мына қызды Италияда оқыту керек» депті. Италияның Озимо қаласындағы опера өнерінің академиясында білімім мен қабілетімді шыңдаған кезеңді өмірімнің ең маңызды баға жетпес бөлігі деп білемін. Үш ұстазыма – Теміртау музыка мектебінің оқытушысы Галина Мурашеваға, консерваторияда білім берген Сәуле Ғарифоллақызы Құрманғалиеваға және итальян профессоры Марио Мураниге өнеріме де, өміріме де өшпес із қалдырып кеткені үшін мәңгілік қарыздармын.
– Сіз Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі екенсіз. Бұл атаққа қалай қол жеткізіп жүрсіз?
– Италия академиясынан білім алып қайтқаннан кейінгі ең бірінші гастрольдік сапарым Өзбекстаннан басталды. Бұл менің итальян опера мектебінен шыңдалып келгеннен кейін «күшім» тасып, шиыршық атып, өнерімді көрсетуге құлшынып жүрген кезім. Көрші елдің сахнасында орындаған «Бұлбұл» әнім өзбекстандықтардың көңілінен шығып, кеш қонағы болып қатысқан Өзбекстан президенті Ислам Каримов қазақ өнеріне ілтипат көрсеткісі келгені болар, мені бірден осы атаққа ұсынды.
– Жәмилә, сіз П.Чайковскийдің романстарын орындайсыз, шетел операларын шырқайсыз. Мысалы, сіз үшін орыс операсынан итальян операсының немесе неміс операсынан француз операсының айырмашылығы мен ерекшелігі неде?
– Әрине, ерекшелігі болады. Бұлардың қай-қайсысы да бір-біріне ұқсамайтын жеке-дара, өзіндік дәстүрі мен әдебі бар мектеп үлгісі болып қалыптасқан. Орыс, итальян, француз опералары әртүрлі бағытта дамыған, олардың әрқайсысының стилі де, дәуір туралы пайымы мен түсінігі де әр басқа. Музыкада да «дәуір» деп аталатын дүние бар, мысалы, олар романтизм, барокко, веризм болып жалғасып кете береді. Ең бастысы, өзіңнің қай дәуірде «өмір сүріп» тұрғаныңды жақсылап тұрып анықтап алуың керек. Егер бұл ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы Франция болса, онда көмекей арқылы өтетін іштегі дыбысты шығару да мүлде басқаша болады – ол неғұрлым жеңіл, көркем, әсем болып төгіледі. Егер бұл веризм дәуіріне тән Пуччини немесе Масканьи болса, соған сәйкес дауыс та, көңіл күй де, тыныс алуың да басқаша болып шығады. Сан қырлы бағыттардың сиқыры мен сұлулығын сағаттап айтсам да, тауыса алмаспын, сіздерге, көрермендерге музыканың ғажап құдіретін сезіндіру үшін осының бәрін жете меңгеру біздің міндетіміз.
– Сіз «Травиатада» Виолетта, «Риголеттада» Джида, «Лючия ди Ламмермурде» Лючия, «Махаббат шәрбатында» Адина, «Патша қалыңдығында» Марфа, «Фигароның үйленуінде» Сусанна секілді бір әртіс армандайтындай операдағы барлық негізгі партияларды орындадыңыз. Ал сіз үшін ең жақсы партнер кім болды?
– Мен үшін үздік, жақсы партнер деген – өзінің рөлін бастан-аяқ білетін кәсіби орындаушы, көп оқитын интеллектуал, сахнаға шыққанда лап ете қалатын жалынның өзі. Сахнадағы серіктесіңнің кім болатыны сен үшін әрдайым маңызды, себебі ол репликаны қалай тастаса, сен де солай орындауға мәжбүр боласың. Сол себепті мен өз кәсібін жан-тәнімен сүйетін, тәртіпке бағынған, өзін де, жанында серігі болып тұрған сені де құрметтейтін шеберлерді жақсы көремін. Сахнадағы серіктестер біріне-бірі қарайласып, көмектесіп, сүйемелдеп тұрса ғана спектакль жоғары деңгейде жүреді.
– Атақты болып алған адамдардың көпшілігі кумир дегенді керексінбей жатады. Үлгі тұтқан адамның бәрін өткеннің үлесінде қалдырған жоқсыз ба?
– Керісінше, менің кумирлерім өте көп, бірін атасам, екіншісін өкпелетіп алам ба деп қорқамын. Егер ақылы бүтін адам болса, қуатын керексіз нәрсеге сарп етпей, ол өмір бойы оқып, үйренумен өтеді. Қол жетпес биіктікті бағындырған Мария Каллас бастаған бірқатар идеалдар өзінің перфекционистігімен ұнайды, сондай-ақ bel canto техникасы бойынша айтатын Тотти даль Монте (Италияның әйгілі дирижері Тосканини жақсы көрген итальян әншісі) сияқты табиғаты ғажайып әншілерді де құрметтемеу мүмкін емес. Бұлардың бәріне де ілтипатым жоғары, шынында да олардың дауысы кеудеден біркелкі шығатын әдемі legato дауыс. Өзім сабақ беретін консерваторияда да, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясындағы студенттеріме де осы дауысты үйретуге бар күшімді саламын.
– Өнеріңізді жоғары бағалап, сізбен келісімшартқа отырғысы келген Еуропа елдерінің біріндегі театр ұсынысынан бас тартқан екенсіз. Неге?
– Мен ешқашан да қызметтік мансапты өз өмірлік құндылықтарымнан жоғары қойған емеспін. Иә, ондай тиімді ұсынысты қабылдамағаным рас. Голландия театрымен ұзақ мерзімді гастрольге келісімшарт жасасқан Қазан театрымен әріптестік байланыс жасаудан бас тарттым. Себебі дәл сол жылдары қызым Әмина әлі жас болатын. Мен оның мектептегі сабақ үлгеріміне де, шығармашылық жағынан дамуына да көп көңіл бөлемін. Әмина да мен секілді бала күнінен музыка мектебінің фортепьяно сыныбында оқиды. Одан шығып жүзуге, тенниске барады. Жұрттың баласы жаз бойы алаңсыз демалып жүрсе, біз репетитордың көмегімен ағылшын, қазақ тілдерінен, математикадан сабақ аламыз. Мен оның гимназиядағы оқуы мен тәрбиесін анасының қамқорлығы мен қолдауынсыз қалдырғым келмеді. Көзімнің ағы мен қарасындай болып өсіп келе жатқан қызымды бір сәтке көзімнен таса қылсам, жанымды қоярға жеп таппай кетемін. Ал әлемдік танымалдылық пен еуропалық беделге еңбек сіңіру деген сөз – отбасыңды ұмыту деген сөз. Өкінішке қарай, бұл менің қолымнан келмейді.
– Көктем мерекелері келіп жатқанда, сыйлық туралы айтпай кетсек, әйелдігімізге сын болар. Біздің білуімізде, барлық опера әншілерінің ең осал жері де, ең сүйікті бұйымы да гауһар әшекейлер болып есептеледі. Гауһартастарды сіз де жақсы көресіз бе?
– Әрине, жарықпен шағылысқанда жарқ-жұрқ етіп жіңішке сәулелердің сиқырын шашатын гауһартас жалғыз менің ғана емес, әйел біткеннің көзінің құрты шығар деп ойлаймын. Гауһартастарды мен де қатты жақсы көремін. Әрине, мен үшін ең бастысы, махаббат. Махаббат әртүрлі болады – ата-анамды жақсы көремін, қызымды, ұстаздарымды, достарымды, тіпті студенттерімді, бәрін-бәрін жақсы көремін. Гүлдерді жақсы көремін! Мейлі, ол қандай болса да, күлтелеріне қарасам болды, жүрегімнің түбінде жатқан ең алыс сезімнің өзі лықсып жүзіме шығады да, төңірегімді тегіс жақын етіп жібереді. Гүлдерсіз өмірімді елестете алмаймын. Концерттерден кейін, спектакльдерден соң ықылас белгісі ретінде алған гүлдер жыл он екі ай үзілместен үйімнің көркін келтіріп, бөлмелерді хош иіске бөлеп, шуақтандырып тұрады. Содан кейінгі сүйікті ісім, саяхаттағанды жаным сүйеді. Саяхаттап барған елдің асханасын да жақсы көретінімді жасырмаймын. Бір сөзбен айтқанда, өмірді сүйемін!
– Сіз әріптестеріңізбен жақын араласыз ба, әлде ара қатынасыңызға шекара белгілейсіз бе?
– Адамдар әртүрлі типке бөлініп жатады ғой. Мен – инровертпін. Сыртқы әлемнен гөрі ішкі әлеміне көбірек тәуелді адамдар қатарына жатамын. Біреудің емес, өзімнің жан дүниеме үңілгенді, өзімді-өзім іштен қызықтағанды, барлық сұраққа ішімнен жауап тапқанды жөн санаймын. Бұл көпшіл емес дегенді немесе жалғыздыққа, оқшаулыққа бейім екенімді білдірмейді. Керісінше, қызықтыратын тақырып болса, егер жанымдағы адам мені «оята» алса, кіммен болса да, ашық-жарқын әңгіме-дүкен құрып, жан сырымды бүкпей ақтарыла аламын. Жігер-қуатымды басқа нәрсеге жұмсап шаршағаннан гөрі жұмысқа жұмсап, шаршасам, содан ләззат табамын. Күні бойы репетиция, одан қалса жоғары оқу орындарындағы сабағым, шәкірттерім бар, сөйтіп уақыттың қалай өткенін де білмеймін. Тіпті кітап оқып, музыка тыңдау үшін жалғыз өзім демалғанды қалаймын. Өзіме-өзім өте талапшылмын. Спортшылар секілді бір сәтке босаңсуға жол бермеймін, тәулік тәртібін ұстанып, ойым мен бойымның тазалығын қатаң қадағаласам және соның нәтижесін сезінсем, жаным жай тауып, ғажап сезімге бөленемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»